Мәжілісте Яндекс, InDriver сияқты платформаларға жаңа талап қою ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте такси қызметін өзін-өзі реттеу ұйымға мүшелікке ету мәселелеріне арналған заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр.

Депутат Ерлан Стамбеков заң жобасын таныстырған Көлік министрі Марат Қарабаевтан аталмыш заңнама өзгерістері ірі такси агрегаторларының қызметіне қалай әсер ететінін сұрады. «Қазақстанда «Яндекс», InDriver, «Максим», Aparu, Tapi Taxi сияқты таксиге тапсырыс беруге арналған қосымшалар жұмыс істейді. Осындай қосымша иелерінің өзін-өзі реттейтін ұйымдарға міндетті мүшелік туралы талапты орындауын қалай қамтамасыз етесіздер?» - деп сұрады ол.
Көлік министрінің айтуынша, аталған ұйымдарға өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу міндетті болады. Ол міндетті орындалмаса қызмет ету құқығынан айырылады.
«Біз ұсынып отырған заңда екі мәселе қарастырылған. Біріншісі міндетті түрде, екіншісі ерікті түрде мүше болуды ұсынады. Сіз айтып отырған алпауыт интернет агрегаттары осындай өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болуға міндеттеледі. Егер ол өзін-өзі реттеу ұйымдарына мүше болмаса, қызметі заңсыз деп танылады. Ал заңсыз қызмет атқарған ұйымның жұмысына тыйым салатын нормалар жалпы заңнамада бар. Сондықтан осындай үлкен интернет платформалар өз қызметін сақтап қалу үшін міндетті түрде өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болады. Яғни, олар бұған мүдделі болады», - деді Марат Қарабаев.
Сондай-ақ, ол жеке меншік көлігімен такси қызметін атқаратын қарапайым адамдарға өз-өзін реттеуші ұйымға мүше болу міндетті талап болмайтынын, ерікті түрде ұсынылатынын айтты.