McDonalds қызметкері клиенттерінің шайына түкіргені үшін 20 жылға сотталмақ

АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Симпсонвилль (Simpsonville, Оңтүстік Каролина) қаласындағы McDonald's қызметкері клиенттерінің шайына түкірді деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды BNews.kz сайты.

McDonalds қызметкері клиенттерінің шайына түкіргені үшін 20 жылға сотталмақ

Associated Press мәліметтеріне сәйкес, 19 жасар Марвин Вашингтон сенбі күні болған оқиғадан кейін қамауға алынды. Анасы мен қызы McDonald's-ке келіп, тәтті шайға тапсырыс берген. Тапсырысын алғаннан кейін олар шайдың әдеттегідей тәтті емес екенін аңғарып, қызметкерге қайтып береді. Қайта құйылған шай да, олардың пікірінше, тәтті болмай шықты. Сондықтан олар қант салып ішу үшін сол шайды үйлеріне алып кетеді. Үйде стақанның қақпағын ашқан олар шайдың бетінен үлкен түкірік барын аңғарады.

Сондай-ақ шай құймас бұрын Вашингтонның ыдыстарға еңкейіп, түкіріп жатқаны жазылып қалған видеожазба да табылды. Оған азық-түлікті қасақана бүлдірді деген айып тағылып отыр. Сол әрекеті үшін жас жігіт жиырма жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Шериф кеңсесінің өкілі Лора Кэмпбелл (Laura Campbell) айтып өткендей, азық-түлікті бүлдіру адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Жергілікті McDonald's филиалының жетекшісі зерттеу қорытындысын күтуді ұсынды. Оның айтуынша, желі мейрамханалары сапа мен қауіпсіздіктің ең жоғары талаптарына сай қызмет көрсетеді.