Меценат Бекзат Алтынбеков: Барша халықтың тілейтіні - әділ сайлау

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент сайлауы алдында Қазақстан халқы мемлекет есебінде беріктігін, бірлігін көрсете білуі керек. ҚХА мүшесі, білім меценаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Бекзат Алтынбеков алдағы сайлауға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Меценат Бекзат Алтынбеков: Барша халықтың тілейтіні - әділ сайлау

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған үндеуінде 9 маусымда Президент сайлауы өтетіні жарияланды. Бұл кез келген мемлекетте болатын үлкен елеулі оқиғалардың бірі әрі бірегейі деп қабылдауымыз керек. Әр кезеңдерде әр мемлекеттің дамуында түрлі күрделі кезеңдер болады. Оның бәрін аман-саулықпен, бірлікпен өткіздік. Кешегі Президенттің үндеуі - Қазақстан халқының Елбасының өз өкілеттігін тоқтатқаннан кейінгі күтіп отырған елеулі оқиғаларының бірі еді. Міне, соны Президентіміз Қазақстан халқына үндеуі арқылы жеткізді. Ендігі басты мақсат - мемлекет есебінде беріктігімізді, ірілігімізді көрсетуіміз керек деп есептейміз», - деді меценат.

Оның айтуынша, қазақ халқы бірлікті, ынтымақты, татулықты қалайтын ұлт. Халық есебінде осы ретте Қазақстан жұртшылығы ынтымағын таныта білуі тиіс.

«Президентіміздің үндеуін баршамыз қолдаймыз. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңес мүшесі есебінде, Қарағанды облыстық мәслихаттың депутаты ретінде айтарым: жалпы осыған дейін Елбасына құтты тұғыр болған Арқа жұрты - алдағы сайлауда өзінің бекемдігін, бірлігін, татулығын тағы да көрсетеді деп ойлаймыз. Барша халықтың тілейтіні - әділ сайлау. Біз соған қол жеткіземіз деп есептейміз», - дейді Бекзат Алтынбеков.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Бұл туралы республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына жолдаған үндеуінің толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.