«Медеу» мұз айдыны халықаралық жарыстар өткізуге лайықты болады
АСТАНА. KAZINFORM – «Медеу» биік таулы мұз айдынына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

- Алматы қаласын 2025 жылға дейін және орта мерзімді келешекте 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасына сәйкес, 2025-2027 жылдары жергілікті бюджет қаражаты есебінен Медеуді жаңғырту жоспарланған. Бүгінде бюджет заңнамасына сәйкес процедуралар жүргізіліп жатыр, - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, нысанды жаңғырту аренаның техникалық сипаттамасын жақсартады. Осылайша, Медеу конькимен жүгіру спорты мен мәнерлеп сырғанаудан халықаралық жарыстар өткізу үшін Халықаралық конькимен жүгіру одағының талаптарына сай болады.
Сонымен қатар Алматы қаласының әкімдігі мұз айдынын жаңғырту аясында оның допты хоккейден жарыстар өткізу, мұздағы шоу сынды түрлі мәдени-спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған шаралар қабылдайды.
«Медеу» мұз айдынының айналасында жаңа аллеялар мен серуендеуге арналған жолдар пайда болатынын жазған болатынбыз.