20:03, 08 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Медеу» мұз айдынының «Рекордтар фабрикасы» атты жоғалған мәртебесін қайтару қажет ? коньки спортынан халықаралық дәрежедегі төреші
АЛМАТЫ. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - Қазақстандағы 2011 жылғы қысқы Азиялық ойындардың басталуына барлығы екі маусым ғана қалды. Біздің спортшыларымыз осы байрақты додаға жақсы әзірленіп, ел намысын лайықты қорғаулары үшін отандық спорт базаларын ойдағыдай даярлауымыз қажет.
Баршаға белгілі, қысқы 11 спорт түрінің 9-ы Алматыда өтеді, сондықтан да олипиадалық нысандар бірегей спорт полигонына айналуы тиіс. Бұл «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының даңқын, «Медеу» мұз айдынының «Рекордтар фабрикасы» атты жоғалған мәртебесін қайта оралту қажет деген сөз. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне коньки спортынан халықаралық дәрежедегі төреші Орал Қаймырасов айтты. О.Қаймырасов айтқандай, «Медеу» спорт кешені шын мәніндегі мұз інжу-маржаны. Бұл әлемдегі ең биік таудағы мұз айдыны, ол теңіз деңгейінен 1691 метр биікте тұр. Айдындағы мұздың қалыңдығы 2,3 метр болады. Мұнда мұзды жасанды қатырудың әлемде теңдесі жоқ бірегей тәжірибесі бар. Ол мұз қабатын жылдың сегіз айы бойына ұстап тұруға мүмкіндік береді. Мұз айдынының тағы бір ерекшелігі ? оның айналасындағы көркем табиғат, спорт кешені Іле Алатауының әсем шатқалдарының біріне орналасқан. Тамаша мұз айдыны, бірегей ландшафт, ерекше климаттық жағдайлар ? міне мұның бәрі «Медеудің» даңқын асырды. Мұнда 123 ресми әлемдік рекордтар орнатылды, мұндай жетістік ешбір әлемдік айдындарда болған емес. Мұз айдыны коньки спортын сүйетіндер үшін де ашық. Кейбір күндері мұнда тоғыз мыңға дейін коньки жанкүйерлері болады. Бүгінде «Медеу» мұз айдыны келушілер үшін жабық тұр. Азиада-2011 спорт бәсекесі қарсаңында спорт кешенінде жаңарту жұмыстары және айналасын көркейту жұмыстары жүргізілуде. О. Қаймырасовтың пікірінше, ең бастысы - тоңазытқыш құрылғыларды жаңарту қажет, әйтпесе ол мұзды тиісті температурада ұстап тұра алмайды, сондай-ақ электронды таблоны жетілдіру қажет. «Егер мұз айдыны ойлағандай жаңғыртылатын болса, әлемге танымал бірегей спорт кешені қайтадан әлемдік рекордтар ұстаханасына айналады», деді спорт ардагері. Бұдан басқа табиғи қорыққа экологиялық зиянды азайту қажет, «Медеу» биік таудағы мұз айдынына және «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасына аспалы жол құрылысын шапшаңдату қажет.