Медеу мұзайдынында танымал мәнерлеп сырғанаушылар өнер көрсетті
АЛМАТЫ. Қазақпарат- «Медеу» мұз айдынының 50 жылдығына орай кешен аумағында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жеңімпаздары, белгілі спортшылар тамаша шоу көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салтанатты мерекеге Ресейдің мәнерлеп сырғанаудан танымал спорт жұлдыздары Роман Костомаров, Евгения Медведева, Татьяна Тотьмянина, Максим Маринин, Оксана Домнина, Максим Шабалин және Морис Квителашвили арнайы келді.
Екі дүркін әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Евгения Медведева Игорь Крутойдың музыкасына жазылған Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Your Love» әніне биледі.

Мереке қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушылардың шеруімен ашылады. Салтанатты шарада қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 жылғы Қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері және II Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева өнер көрсетеді.
Баспасөз мәслихаты барысында Элизабет Медеуді жақсы көретінін айтты.
«Мен осы салтанатты шараға қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Мен Медеуді шын жүрегіммен жақсы көремін. Бұл мұз айдынына кез келген күнім мерекеге айналады.Медеу басқа мұз айдындарынан атмосферасымен, көлемімен ерекшеленеді, ең бастысы орналасқан жері – тау. Бұл ерекше жер. Мұндағы мұз өте жақсы. Сапасы жабық кәсіби мұз айдындарынан кем түспейді», - деді ол.

Оның айтуынша, соңғы уақытта Қазақстанда мәнерлеп сырғанау жақсы дамып келеді. Сонымен қатар, ол қаңтар айында өз академиясын ашатынын мәлімдеді.
Шараның ресми ашылуында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев барша алматылықтарды спорт кешенінің 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, Медеу әлемдегі ең жақсы, ең әдемі және ең биік мұз айдыны екенін атап өтті.
«Медеу – аты аңызға айналған мұз айдыны. 50 жылда мұнда 350-ден астам әлемдік рекорд орнатылды», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, ол алдағы бірнеше жылда Медеуде қайта жөндеу жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті.

«Бүкіл еліміздің мәдени мұрасының бір бөлігі болып табылатын сәулеттік келбет сақталады, тіршілікті қамтамасыз етудің барлық жүйелері мен инфрақұрылымы толығымен өзгереді. Сүйікті мұз айдынының өмірінде жаңа кезең басталады деп ойлаймын», - деп қосты ол.
Мереке аясында Анастасия Игнатьеваның дирижерлік етуімен аты аңызға айналған «Мұзды симфония» балеті мен Илья Овербухтың «Жүрек те жанып тұр» гала-шоуы өтті.
Сондай-ақ, қонақтар қазақтың тұңғыш мұз шоуы «Olumpic Show» қойылымын тамашалады.
Мұз айдынындағы шоу мерекелік түнгі отшашумен аяқталады.
