Медеудегі тау баурайындағы өрт толық жойылған жоқ – ТЖД
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 8 мамыр күні Медеу тауының баурайындағы өрттің таралуы тоқтатылды, дегенмен, өрт әлі толық жойылған жоқ. Бұл туралы Алматы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Самат Асаинов баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында қарауылдау, бензоаралардың көмегімен құлаған ағаштарды кесу, өрт ошақтарын қазу және ранец аппараттары арқылы ылғалдандыру жүргізілуде. Таңғы сағат 7-ден бастап бұл жұмыстарға ТЖД-ның 4 адамы, «Іле-Алатау» МҰТП Медеу филиалының 35 қызметкері күрек, ранецті өрт сөндіргіштермен, бензоаралармен, «Қазавиаорманқорғаудың»15 қызметкері жұмылдырылды.
«Горельник тауы бірінші рет өртенген жоқ. Естеріңізде болса, 2011 жылы онда қатты жел соғып, салдарынан құлаған ағаш, құрғақ шөп, мүктер көбейген. Қазіргі таңда қалып қойған ағаштар мен тамырларды кесу жүріп жатыр. Ұлттық парк қызметкерлері соңғы қарасора сөндірілген соң ғана өрт толық жойылды деп айтуға болатынын мәлімдеді. Менің ойымша, олар бүгін жұмыс күнінің соңына дейін немесе ертең өртті толық сөндіреді. Олар бұл учаскеде тағы да өрт болмайтынына толық сенімді болған кезде, өрттің толық жойылғаны жарияланады», - деді Самат Асаинов.
Ол сондай-ақ өрттің шығу себептері сотқа дейінгі тергеу аясында анықталатынын айтты. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің себебі ашық от көзі болды (от жағу немесе өртеу).
Еске салайық, 7 мамыр түнгі сағат 23.00 шамасында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Кіші Алматы орманшылығы 33-аумағынан өрт шыққан болатын.
Жалынмен күреске өрт сөндірушілер, бірнеше техника мен тікұшақ жұмылдырылған.
Тұтанған отпен күрес кезінде өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков мерт болды.
Кейін Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті қаза тапқан қызметкер Арслан Құрманбековтің отбасына 13 млн теңге өтемақы берілетінін айтты