Медиация жүйесін енгізуде елдегі жағдайды да ескеруіміз керек - М.Әлімбеков

АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз медиация жүйесін енгізуге аса ұқыптылықпен қарауымыз қажет. Біздіңше, Еуропа елдерінде бұл мәселені енгізуден аса қауіптенудің қажеті жоқ болар. Ал демократиялық жолға енді ғана қадам басқан елдер үшін ол басқаша сипат алуы мүмкін.

Медиация жүйесін енгізуде елдегі жағдайды да ескеруіміз керек - М.Әлімбеков

Сондықтан біз аталмыш жүйені енгізбес бұрын осындай мәселелерді зерделеп алғанымыз жөн», деді бүгін Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков. Бұл туралы ол бүгін Жоғарғы сотта Қазақстанда медиация мәселелерін енгізуге байланысты өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоғарғы сот төрағасының айтуынша, медиация жүйесі, яғни бір-бірімен жанжалдасқан тараптардың үшінші жақтың келісімге шақыруымен татуласуы - бүгінгі таңда еліміздегі қылмыстық процестер барысында да қолданылып келеді. «Бірақ ол тек жекелеген тараптардың өз еріктерімен осы істі жүзеге асыруға ниет білдірген жағдайында ғана қолданылып келді. Яғни, қоғамның белгілі бір топтары белгілі бір мәселе бойынша жанжалдасқан тараптарға медиатр болуға ниет білдіріп, олардың татуласуына ұйытқы болса ғана аталмыш жүйені қолдануға болатын еді. Бұл жағдайда сот өкілдері тек осы процестің қаншалықты заңды іске асырылғандығын ғана бақылайтын. Бұл, әрине жақсы тәжірибе. Сондықтан оның болғаны дұрыс. Дегенмен ол бүгінгі деңгейінде қалып қоймай мүмкіндігінше жетілдіріліп отырғаны дұрыс. Өйткені медиацияның тиімсіз жағы да бар екендігін ескеруіміз қажет», деді төраға.

Оның айтуынша, кей жағдайда криминалдық құрылымдардың өкілдері медиатрмын деген желеумен жанжалдасушы тараптардың ісіне араласады. Шын мәнінде оның ниеті тараптарды татуластыру емес өзінің арам пиғылын жүзеге асыру. Ондай жағдайлар сот тарихында болған. «Сондықтан бізге медиация мәслесінде аса сақ болғанымыз жөн. Бұл ретте біз елдегі қалыптасқан жағдайды да ескеруіміз керек.   Қорыта айтқанда, бұл жүйені енгізу мәселесіне бізге аса байыппен қарап, оны бірте-бірте жүзеге асырған жөн», деді М.Әлімбеков.