Медиацияда ақсақалдар кеңесінің әлеуеті пайдаланылуы тиіс - дөңгелек үстел

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада ҚР Әділет министрлігі және ҚР Заң шығару институының ұйымдастыруымен елдің сот жүйесіндегі медиация институтының тәжірибесін қалыптастыру тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Медиацияда ақсақалдар кеңесінің әлеуеті пайдаланылуы тиіс - дөңгелек үстел

Мемлекет басшысы дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде елімізде медиация институтын енгізуге бағытталған «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғаны белгілі. Алайда қатысушылардың айтуынша, оны қолданудың тәжірибесі Қазақстанда әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Тіпті, медиациялық қызмет көрсететін ұйымдар мен медиаторлардың қай органда аккредитацияланатыны жөнінде мәселе шешілмеген. Бастапқыда бұл рәсімдер ҚР Әділет министрлігінде өткізілетіні туралы айтылды.

«Аталмыш жүйенің орнын Қазақстанда бұрын ақсақалдар кеңесі, билер институты атқарып келген. Яғни, оның тарихи алғышарттары бар. Бүгінгі тәжірибеде де ақсақалдар кеңестері дау-дамай тараптарын бір мәмілеге келтіре алатын әлеуетке ие. Мұндай медиация бүгінде сот процесінде болып жатқан көптеген мәселелердің оңтайлы шешімін табуына, сот жүйесіндегі істердің қысқаруына, экономикалық шығындардың азаюына септігін тигізеді. Сол себепті оның болашағынан күтілетін үміт зор»,-дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ольга Киколенко.

Сондықтан, депутаттың ойынша, әкімдіктер өздеріне тиесілі аудандарда бұл бағыт бойынша тыңғылықты жұмыс жасап, ақсақалдарды медиациялық қызметке тартудың жолдарын іздестіруі тиіс.

«Егер мемлекеттік медиаторды айтатын болсақ, сөзсіз олар мемлекеттік құқық негіздерін білулері міндетті. Ал егер жергілікті елді мекенде абыройлы, ішкі адамгершілігі мол, адал қасиетті ақсақал жайы болса, оны медиатор деп атауға толық қисын бар. Мәселен, ауылдың көнекөз қартының екі көршіні татуластыруға, әділ тоқтамға шақырып, мәміле жасауға ықпал жасау әрекеттері заңмен тыйым салынбайды»,-деп атап көрсетті О. Киколенко.

Естеріңізге сала кетейік, медиация институты азаматтардың келіспеушіліктерін бітімгершіліктің негізінде бейбіт жолмен шешуге бағытталған сот жүйесінің балама тәсілі. Медиация азаматтық-құқықтық қатынастарда, оның ішінде кәсіпкерлік және басқа да экономикалық іс-қимыл барысында, сондай-ақ еңбек, отбасылық және басқа да құқықтық қатынастарда пайда болған дауларды реттеудегі құқықтар бойынша, қылмыстық-құқықтық қатынастар саласында - жеңіл және орташа қылмыс туралы істер бойынша қолданылады.