MediaNet халықаралық журналистика орталығы БАҚ-тағы мемлекеттік тапсырыспен шығатын материалдарға мониторинг жүргізді
АЛМАТЫ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Мемлекеттік тапсырыс Қазақстанның ақпараттық саласындағы күдік пен күмәнға толы бағыттардың бірі болып отыр. Алайда жарнама берушілер санының азайған тұсында, мемлекеттік тапсырыс аясында берілетін қаражат көптеген БАҚ үшін таптырмас кіріс көзі. Бұл жайында бүгін MediaNet халықаралық журналистика орталығының басшылары Алматыда өткен арнайы баспасөз маслихаты барысында мәлімдеді.
Аталмыш орталық мұндай шешімге Сорос-Қазақстан Қорының қолдауымен ақпараттық саясат саласындағы мемлекеттік тапсырысқа жүргізген мониторинг зерттеуден кейін тоқталып отыр.
MediaNet халықаралық журналистика орталығының жоба менеджері Дінмұхамед Зиядин мемлекеттік тапсырысқа байланысты жүргізілген зерттеу аясында оның жағымды және жағымсыз тұстарын анықтауға тырысқандықтарын жеткізді. "Оң тұстарын айта кетсек мемлекеттік тапсырыс қаржы дағдарысы кезінде БАҚ-тар үшін редакцияның шығынын өтеу үшін қажетті бірден-бір қаражат көзіне айнала білді. Сонымен қатар жарнама берушілер аса көп бара бермейтін қазақ тілді БАҚ-қа мемлекеттік тапсырыстардың көмегі тиді және қазақ тілінің дамуы осы мемлекеттік тапсырыс аясында жиі көтеріліп отырды "- деді жоба менеджері.
Ал осы мемлекеттік тапсырыстың кері әсерінің бірі оның айтарлықтай ашық еместігі, бұлыңғырлығы екен. "Мемлекеттік тапсырысты алған БАҚ-тан қандай қаражатқа қол жеткізгендігі жөніндегі ақпаратты алу қиындау. Сондай-ақ көптеген БАҚ осы мемлекеттік тапсырысқа сеніп өздерінің жеке менеджменттерін дамытуға көп көңіл бөлмейтін болды"- дейді Д. Зиядин.
MediaNet халықаралық журналистика орталығының директоры Игорь Братцев мемлекеттік тапсырысқа ие болған БАҚ-тарда өз-өзіне деген цензура пайда болғандығын айтады. Яғни редакция немесе журналистер болашақта мемлекеттік тапсырысты ала алмай қалудан қорқып, өздеріне белгілі бір шектеулер мен кедергілер қойып, кейбір тақырыптарды айналып өтуге көшкен.
"Мемлекеттік органдар БАҚ-қа мемлекеттік тапсырыс аясында жарияланған жарияланымдардың мазмұнына ешқандай бақылау жүргізбейміз деген мәлімет берді. Алайда редакциялар мен журналистер тапсырыс аясында жарияланған мақалалар жарияланбас бұрын мемлекеттік органдардың тарпынан белгілі бір тексерулер мен бақылаулардан өтетіндігін жеткізді", -деді И.Братцев.
Зерттеу жүргізушілер мемлекеттік тапсырысты бөліске салу жүйесін өзгертуді ұсынады. Олардың пікірінше, жүйенің ашықтығын арттыру қажет және қаржыны үлестіруге бақылау жүргізетін қоғамдық коммисия құрған жөн. Сонымен қатар БАҚ-та мемлекеттік тапсырыс аясында жарияланатын материалдарды арнайы белгімен көрсетіп отыруға шақырады.