MediaNet қазақстандық журналистикаға жүргізілген зерттеу нәтижелерін жариялады
АЛМАТЫ. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Қазақстан масс-медиасы: негізгі ойыншылар: мүмкіндіктер, қажеттіліктер және қауіп-қатерлер» деп аталатын зерттеу жұмысы нәтижелерінің қорытындысы жарияланды.
Оны Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы жүргізген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздің 10 аймағын қамтыған бұл зерттеу қаңтар-қараша айларының арасында жүргізілді. Оған 350-ден астам журналист, редактор, БАҚ-тың меншік иелері, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, журналистер дайындайтын мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарының өкілдері қатысты. Оның 70 пайызы аймақтық және республикалық БАҚ журналистері, 20 пайызы редакторлар мен меншік иелері, 10 пайызы жоғары оқу орындары мен медиалық ҮЕҰ-лардың өкілдері. Зерттеуге қатысушылардың басым бөлігі БАҚ-да айтарлықтай даму жоқ десе, кейбірі құлдырап 2000 жылдардың басындағы жағдаймен салыстырғанда кері кету бар деп санайды», дейді MediaNet халықаралық журналистика орталығының жоба менеджері Дінмұхамед Зиядин. Оның айтуынша, сауалнамаға қатысушылардың көбі БАҚ құралдарының қоғамға, жалпы көпшілікке ықпалы жүргенімен, билікке, шенеуніктерге онша ықпалы жүре қоймайды деген ойда. Жоба авторлары зерттеу нәтижесі бойынша мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ларға өз ұсынымдарын әзірлеген.