Медицина қызметкерлері күні: Исекешев астаналық дәрігерлерге пәтер кілтін табыстады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев дәрігерлерге пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Атап айтқанда, Астана қаласы Онкологиялық орталығының онколог-хирургы Әнуар Әбдікәрімов, №1 қалалық ауруханадағы тамырлық хирургия бөлімінің дәрігер-ангиохирургы Азамат Абдуллинов, №1 қалалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Аян Сүлейменовтерге жаңа пәтер кілті салтанатты түрде табыс етілді.
Сондай-ақ, №2 Балалар ауруханасы хирургиялық инфекциялар бөлімінің меңгерушісі Жұматай Мәкенов, №2 балалар Жедел хирургия қабылдау бөлімінің травматолог-ортопеді Олжас Байназаров және қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Жанна Есқалиева баспаналы болды.
«Қаламызда дәрігерлер мен медицина қызметкерлері асқан жанкештілікпен еңбек етіп келеді. Жыл сайын Астанаға 50-100 мың адам келеді және қалалық емханаларға ауыр жүктеме түседі. Күнделікті елорда емханаларына 8,5 мың тұрғын келеді, 400-ге жуық науқас ауруханаға жатқызылады, 120-ға жуық ауыр орта жасалады, жедел жәрдем қызметі 1 500 шақыртуға қызмет көрсетеді. Бұл цифрлардың артында сіздердің баға жетпес еңбектеріңіз тұр», - деді Әсет Исекешев марапаттау рәсімінде.
Айта кетейік, жыл сайын Қазақстанда маусым айының үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні аталып өтеді.
