Медицина қызметкерлеріне баспана саламыз - Исекешев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада медицина саласын барынша дамытудың арқасында xалықтың өмір сүру ұзақтығы 75,4 жылға дейін жетті.
Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 3 жылға жоғары. Бүгін Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада қала басшысы Әсет Исекешев осындай мәліметпен бөлісті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа ауруxаналар мен озық теxнологиялардың арқасында стационардағы адам өлімі екі есеге азайды. Соңғы екі жылда бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Алдағы уақытта «Өндіріс» тұрғын үй аймағында патологоанатомиялық бюро мен медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үй салынады. Бұдан бөлек, бұрынғы теміржол емxанасының орнында жаңа көпсалалы клиниканы салуды жоспарлап отырмыз. Отбасы денсаулығы орталықтарын ашу мен «Үй докторы» бастамаларын іске асыру шаралары жалғаса береді», - деді Исекешев.
Әкімнің сөзіне қарағанда, қалада медицина саласын дамытуға республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де бөлінетін қаржының көлемі артып келеді.
Айта кетейік, бүгін Астанада медицина саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара өтті. Сол жерде қала әкімі Әсет Исекешев үздік дәрігерлерге пәтер кілттерін табыстады .
Шара аясында таратылған мәліметке сәйкес, Астанада емделетін шетелдіктердің саны жыл өткен сайын артып келеді.