Медицина саласына бөлінетін қаражат артқанымен, көрсетілетін қызмет сапасы әлі көтерілмей отыр

АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Медицина саласына бөлінетін қаражат артқанымен, көрсетілетін қызмет сапасы әлі көтерілмей отыр.

Медицина саласына бөлінетін қаражат артқанымен, көрсетілетін қызмет сапасы әлі көтерілмей отыр

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Сағынбек Тұрсынов осылай мәлім етті.

«Елбасы 2008 жылдың 7 қарашасында Шымкент қаласында болған Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде соңғы үш жылда еліміздегі медициналық көмек көрсетудің сапасы жөніндегі шағымдар 6 есеге артқанын, олардың 70 пайызының шағымы орынды екендігін айтқан болатын. Одан бері де денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызмет сапасын жақсарту туралы Елбасы да, депутаттар да айтудай-ақ айтып келеді. Алайда медицина саласына бөлінетін қаржының жыл санап артып отырғанына қарамастан қызмет көрсету сапасы сол қалпында қалып келеді», - деді депутат. Оның айтуынша, өткен жылдың өзінде Денсаулық сақтау министрлігіне 2 мыңнан аса адамнан шағым-арыздар түскен. Оның үстіне бүгінгі күні жұртшылық диагнозды дәл қоюға қатысты шағымдары да көп. «Әлі күнге нәресте мен ана өлімі жоғары. Тіпті артып келеді. Мәселен, 2003 жылы 100 мың адамға шаққанда шығын саны 42,1 адамды құраса, 2007 жылы бұл көрсеткіш 46,8 адамға жеткен. Одан бергі үш жылда да бұл мәселе қиын қалпында қалып отыр. Алайда адам өліміне жауап беріп жатқан адам аз, жоқтың қасы деуге болады. Дәрігердің қателігінен адам өмірі қиылған, мүгедек болып қалған жағдайлар туралы апта сайын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, оқып жатамыз. Алайда оған жауап беріп, іс сотқа дейін жетіп жатқандары некен саяқ», - дейді депутат.

Сонымен қатар С. Тұрсынов Халық денсаулығы жөніндегі Кодекстің олқылықтарына да тоқталды. «Жаңа заң бойынша әрбір медициналық мекеме істеген жұмысының көлеміне, жасаған операциясының санына қарай қаржыланады. Бұл өз кезегінде операцияның көбеюіне әкеліп соғуда. Екінші, үшінші баланы жарып алу, нақты диагноз қойылмай жатып операция жасау жиілеп кетті. Осының бәрін саралай келе денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру, әрбір дәрігердің жұмысын бағалау, жақсы жұмыс істейтін, Гиппократ антына берік мамандарды көтермелеп, қателік жіберген дәрігерді тиісті жауапқа тарту жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Адам өліміне, мүгедектікке жеткізген оқиғаларды тіркеу, сараптау жүзеге асуы тиіс», - деді депутат.