Медициналық әлеуметтік сақтандыруды енгізгеннен соң 9,8 млн-нан астам қазақстандықтарға мемлекет есебінен медициналық қызмет көрсетіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Медициналық әлеуметтік сақтандыруды енгізгеннен соң 9,8 млн-нан астам қазақстандықтарға мемлекет есебінен медициналық қызмет көрсетіледі, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (әрі қарай - МӘМС) жүйесін енгізгеннен соң халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын 9,8 млн-нан астам адамға олар үшін мемлекеттің жарна төлеуі арқылы медициналық қызмет көрсетілетін болады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры (әрі қарай - ӘМСҚ) жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі - халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері.
Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына:
- балалар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар;
- ҰОС ардагерлері мен мүгедектері;
- мүгедектер;
- жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;
- интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар;
- техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО кейін білім алып жатқан тұлғалар;
- бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар;
- жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар;
- зейнеткерлер;
- ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер;
- уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар жатады.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ӘМСҚ-ға жарна төлеуді бастайды.
Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7% құрайды. Сонымен қатар мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылдан 6%-ға, 2024 жылдан 7%-ға сатылай өсетін болады.
Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі кірістің 5%-ын құрайтын болады. Аударым 2017 жылы 2%-ды, 2018 жылы 3%-ды, 2019 жылы 4%-ды, 2020 жылы 5%-ды құрайтын болады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7% құрайтын болады. Ол 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5%, 2020 жылдан бастап 7% болады.
Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1%, 2020 жылдан 2%-дық мөлшерде төлейтін болады.
Қор арқылы қаржыландыру 2017 жылғы 1 шілдеден басталады.