Медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ астаналықтарға толық иммунизациядан өту ұсынылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдарға коронавирусқа қарсы толық егілуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдарға толық иммунизациядан өтуді ұсынамын. Вакцина өзіңізді қорғағаннан бөлек, вирустың одан әрі таралуын тоқтату және барлық шектеулерді біржола жою үшін ұжымдық иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді», - деді Сархат Бейсенова елорда әкімдігінде ұйымдастырылған брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, тек ұжымдық иммунитетке қол жеткізу арқылы барлық шектеулер толығымен алынып тасталған Еуропаның кейбір елдері осыған мысал бола алады.
«Осы елдердің тәжірибесіне қарап, біз COVID-19-бен күресудің және қалыпты өмірге оралудың ең тиімді әдісі вакцинация және ревакцинация екенін көреміз», - деді бас санитарлық дәрігер.