Медициналық көмек сапасының төмендеуіне не себеп - министр пікірі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті атқарушы органдарға 2019 жылдың аяғына дейін бір дәрігерге жүктемені 1700-ге дейін жеткізу қажет. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алғашқы және ең өзекті проблемалардың бірі - медициналық көмектің сапасы, әсіресе алғашқы медициналық-санитариалық көмек деңгейінде. Сапа деңгейі төмендеуінің басты себептері: медицина қызметкерлерінің шамадан тыс жүктемесі; кезектер, халықтың тығыздығы; алғашқы медициналық көмек деңгейінде қызмет көрсету сапасы»,- деді министр.
Осы ретте ол мемлекеттік бағдарламада алғашқы медициналық көмек сапасын арттыруға бағытталған шараларға тоқталды.
«Бірінші - жаңа дәрігер бөлімшелерін құру және алғашқы медициналық-санитарлық көмектің шағын орталықтарын көбейту, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 2019 жылдың соңына дейін жалпы практика дәрігерінің жүктемесін төмендету. Жергілікті атқарушы органдарға 2019 жылдың аяғына дейін 1 дәрігерге жүктемені 1700-ге дейін жеткізу қажет», - деді Е.Біртанов.
Екіншіден, оның айтуынша, отбасылық дәрігерлік практиканы одан әрі дамыту және Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған диспансерлеуді, өлімнің 70 пайыздан астамына әкелетін ауруларды басқару бағдарламаларына өзгерту жүргізіледі. 2020 жылға қарай ауруларды басқару бағдарламаларымен 3 сырқат бойынша есепте тұрған пациенттерді қамту 11-ден 30 пайызға дейін ұлғайтылатын болады. Жергілікті атқарушы органдар аталған бағдарлама бойынша барлық дәрігерлер мен мейірбикелерді 2020 жылға дейін оқытуы тиіс.
«Үшінші - қағазсыз құжат айналымына толық көшу арқылы барлық емханалардың қызметін цифрландыруды жалғастыру, соның арқасында медицина персоналына түсетін шамадан тыс жүктемені төмендету керек»,- деді министр.