Медициналық көмекті ұйымдастырудың интеграцияланған моделі енгізіледі – Біртанов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Медициналық көмекті ұйымдастырудың интеграцияланған моделі енгізіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында халық денсаулығы туралы кодекс жобасын талқылау кезінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кодекс жобасымен медициналық көмекті ұйымдастырудың интеграцияланған моделі енгізілуде. Азаматтарға тиімді, сапалы медициналық көмек көрсету және сырқаттанушылық деңгейін төмендету мақсатында Кодекс жобасында медициналық көмек көрсетудің үш деңгейлі жүйесі қарастырылған. Бұл жүйе – барлық деңгейде пациенттер ағымын басқаруға және стационарларда кез келген бейіндегі пациенттерді қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Кодекс жобасында медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру аясындағы медициналық көмектің көлемін анықтау қағидалары регламенттелген», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, медициналық көмектің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық көмек көрсетуді стандарттаудың бірыңғай тәсілдері жасалады, трансплантация институты жетілдіріледі, мемлекеттік бақылау күшейтіледі.
Нәтижесінде, медициналық көмек қалалық және ауылдық жерлерде қолжетімді болады, медициналық көмек көрсету процестері стандартталады, ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын бақылау күшейтіледі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.