Медициналық көмектің сапасы емханалар қызметінің тиімділігіне, дәрігерлердің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты- Салидат Қайырбекова
АЛМАТЫ. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау жүйесін дамытуға жеткілікті қаржы бөлінуде. Денсаулық сақтау нысандарының құрылысы және оларды қымбат құралғылармен жабдықтау, мамандардың біліктілігін көтеру бағытында шаралар қабылдануда.
Ал медициналық қызметкерлер тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге міндетті. Өйткені, медициналық көмектің сапасы емханалар қызметінің тиімділігіне, дәрігерлердің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Денсаулық сақтау басқармасының Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасын іске асыру барысы және 2012 жылға арналған міндеттері жөніндегі кеңейтілген алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова айтты.
Алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі: «Медициналық қызмет сапасы азаматтардың шағымдарына байланысты бағаланатындығын» атап өте келе, «Алматыда арыздар саны 32% төмендегенімен, медициналық көмектің сапасына қатысты шағымдар үлесі 32% құрап отыр. Тиісінше, бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы деңгейінде жұмысты дұрыс ұйымдастыру керек»,-деді. Ол сондай-ақ бұл бағытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2011 жылы Алматының бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарын нығайтуға мақсатты трансферт түрінде 1,2 млрд. теңге бөлінгенін айтты.
Сөзін түйіндей келе Салидат Қайырбекова: ««Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды қарастырады. Ол мықты менеджменті қалыптасқан, қаржыландыруы тұрақты және бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау жүйесін құру маңызды. Еліміздегі ең ірі мегаполистің денсаулық сақтау саласы ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне үлгі болуы тиіс», деп атап айтты.