Медициналық қызметкерлер атынан Мемлекет басшысына алғыс айтамын – Біртанов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Медициналық қызметкер ауырып қалса - арнайы әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 млн теңге, ал қайтыс болған жағдайда - 10 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы елдегі коронавирус инфекциясы бойынша ағымдағы жағдай жайлы онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Коронавирус өте қауіпті жұқпалы ауру болғандықтан медициналық қызметкерлер де жұқтыруы мүмкін. Осы мәселені қарастыра отырып, медициналық қызметкер ауырып қалса арнайы әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 млн теңге, ал қайтыс болған жағдайда 10 млн теңге бөлінеді. Бұл шаралар өте маңызды, себебі дәрігерлеріміз күндіз-түні үйіне бармай, жұмыс істеуде. Бұл - Мемлекет басшысы тарапынан үлкен қолдау, сол себепті медициналық қызметкерлер атынан алғыс айтамын», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.