Медициналық мамандықтардың тізімінен «Педиатрия» мамандығы алып тасталмайды ? Денсаулық сақтау министрлігі
АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Медицина кадрларын даярлаудың жаңа жүйесіне сәйкес «Педиатрия» мамандығы жойылмайды. Тек педиатрларға қойылатын талаптар күшейтіліп, оқыту мерзімі ұзартылады.
Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен брифингте Ғылыми және адами ресурстар департаментінің директоры Нұргүл Хамзина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Көпшілік арасында «педиатрия» мамандықтар тізімінен мүлдем алып тасталады деген қате түсінікке анықтама жасаған Н.Хамзина, медицина кадрларын даярлаудың жаңа моделі халықаралық стандарттарға сәйкес енгізіліп отырғандығын және ол 2007 жылғы қыркүйектің 1-інен бастап іске қосылғандығын айтты. Қазір жаңа жүйе бойынша оқып жатқан студенттер екінші курста. Жаңа үлгіге сәйкес клиникалық мамандықтар бойынша даярлық «Жалпы медицина» мамандығы бойынша базалық медициналық білім беру шеңберінде жүзеге асырылады. Яғни 5-ші курсқа дейін студенттер барлық дәрігерлік мамандықтарға арналған пәндердің біркелкі жиынтығын зерделейді. 5-ші курстан кейін өзі таңдаған жеке мамандықтар (педиатрия, терапия және тағы басқа) бойынша білімін ? екі жылдық интернатурада жалғастырады. Бұдан кейін, таңдаған мамандығына байланысты біліктілігін 2-ден 4 жылға дейінгі резидентурада жоғарылатады. Резидентура былайша айтқанда - тәжірибе жинақтау. Педиатрия мамандығы үшін оның мерзімі - 2 жыл. Осылайша, оқу мерзімі бас-аяғы 9-дан 11 жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар, 5-ші курстан кейін оқуын жалғастырғысы келмеген студенттер дипломын алып, медициналық оқыту орындарында ұстаздық ете алады. Бірақ ол «дәрігер» мамандығын алмайды және адамдарды емдеуге жіберілмейді. Сондай-ақ студент 7-ші курстан, яғни интернатурадан кейін дипломын алған соң да, оқуын ары жалғастырмауына құқығы бар. Бірақ мұнда да ол адамды емдеуден басқа - қоғамдық, ұйымдастыру және тағы сол сияқты іс-шаралармен ғана айналыса алады. Тек интернатурадан кейін резидентураны тәмамдаған студенттер дипломдарына қосымша «тәжірибеден өтті» деген сертификат алып, толыққанды «клиникалық дәрігер» болып жұмыс істей алады. «Педиатрия» мамандарын даярлау шарттары неліктен күшейтілді?» - деген сұраққа жауап берген ол: «Емдеу ісі» факультетіне қарағанда «педиатрия» факультетіне оқуға түсемін деушілердің саны қашан да төмен болғанын атап өту қажет. Мәселен, 2007 жылғы талдаудың нәтижесі, жастардың 50 пайызы «емдеу ісі» факультетіне түсе алмағандықтан, «педиатрияға» баруға мәжбүр болғанын көрсетті. Осылайша, студенттердің 50 пайызы үшін педиатрияны таңдау балалар дәрігері болуды қалағандықтан емес, тегін білім алу мүмкіндігінінен айырылып қалмаудан болғанын көрсетіп отыр», - деді ол. Бүгінде республика бойынша медицина университеттерінде 28 мың студент білім алып жатыр. Оның 4 мың 500-і «Педиатрия» бөлімінде оқиды. Н.Хамзинаның айтуынша, Қазір педиатрия дәрігерлеріне деген сұраныс 650 адамды ғана құрап отыр.