Медициналық масканы шығару бақылауға алынған - Ералы Тоғжанов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Үкіметі халықты медициналық маскамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлбетте, бүгінгі күні кей жерде маска шынында да жетіспеуі мүмкін. Бұл мәселе алғаш көтерілген кезде дүрбелеңнің туғаны белгілі. Қазақстанда ғана емес, бірқатар елде мұндай жағдай тіркелді. Сол себепті белгілі бір жетіспеушіліктің болғаны рас. Бірақ қазір аталмыш мәселе толығымен мемлекеттің бақылауына алынды. Қазір халықты маскамен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Мемлекет коронавирусқа алаңдап отыр. Ал маска өз елімізде шығарылып жатқанын атап өту керек. Қазақстанды маскамен толық қамтамасыз ету мәселесі шешіледі», - деді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.
Сонымен қатар, Үкімет басшысының орынбасары масканы шет елдерге сату мәселесі толығымен бақылауға алынғанына да сендірді.
«Бүкіл кеден органына Қазақстан аумағынан тыс маскаларды шығаруға тыйым салу бойынша нақты әрі қатаң тапсырма берілді. Қазақстаннан Қытайға маска шығару жағдайы болды», - деді ол.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов адам сау болса маска тағудың ешқандай қажеті жоқ екенін айтады.
«Ең бірінші кезекте біз сырқаттанған адамдар мен ауруханаларға күні бойы түрлі инфекциялар бойынша жұмыс жүргізетін адамдарды қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан медициналық ұйымдардың резервтерін құрдық. Егер сіз сырқаттанып қалсаңыз, туған-туыстарыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін маска тағып жүруіңіз керек», - деді ол.
Еске сала кетсек Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қазақстандық кәсіпорындар күніне 170 мың медициналық маска шығаратынын айтқан еді.