Медициналық пойыз Ақмола облысының Макинка станциясына келді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақмола облысының Макинка станциясына келіп жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы әлеуметтік жобасы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен ынтымақтастықта, «Samruk-Kazyna» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаны дамыту қоры жүзеге асырып жатыр.

Бүгін таңертең пойыз Макинка станциясына аялдады. Аудан тұрғындарына пойыздың келуі туралы алдын ала хабарланды. Сондықтан білікті дәрігерлерге көрінуге келген халықтың қарасы көп болды. Оларды жоба әкімшісі Жанара Үсіпбекова, аудан әкімі Талғат Ерсейітов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Тоқтар Қоңырбаев қарсы алды.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауының арқасында биыл алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек алу бойынша азаматтардың құқығын қорғау мәселелеріне қатысты тегін консультациялар өткізіліп жатыр. Сонымен қатар шалғай аймақтардың тұрғындары тегін медиативті және заңгерлік көмек ала алады.

Медициналық пойыздың бағыты медициналық кабинеттері жоқ аймақтарды қамтиды. Яғни, биыл шалғайдағы станциялардың тұрғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр тәрізді мамандарға тегін қаралып, ем ала алады. Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық және флюорографиялық аппараттармен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, сымсыз интернетке қол жеткізуге арналған байланыс құралдарымен жабдықталған.

Пойыз пациенттерді 26 және 27 маусым аралығында қабылдайды. Ауылдық округтерден де көптеген адамдар қамтылады деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар