Медициналық препараттар қабылдаған балалардың қайтыс болғаны туралы WhatsApp-тағы хабарлама жалған - ҚР ДСӘДМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы 25 ақпанда WhatsApp хабарлама алмасу жүйесі арқылы таратылған медициналық препараттарды қабылдағаннан кейін туындаған аллергиялық реакциядан балалардың қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен.

Медициналық препараттар қабылдаған балалардың қайтыс болғаны туралы WhatsApp-тағы хабарлама жалған - ҚР ДСӘДМ

«ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі дәрілік құралдардың жанама әсеріне тұрақты негізде мониторинг жүргізіп отырады. 2015 жылғы 27 ақпандағы жағдай бойынша аллергиялық реакция туындатып, балалардың өлім-жітіміне себеп болды деген дәрілік құралдар (амоксициллин, капесула, ибупрофен (суспензия), ацклофенак, ангисепт, сумамед, ингалипт, инфлюцид, балаларға арналған панадол және санасол) туралы ешқандай мәлімет келіп түскен жоқ», деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен. Осыған орай ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ҚР Ішкі істер министрлігіне, ҚР Бас Прокуратурасына және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жалған ақпаратты таратудың жолын кесуге шара қолдану туралы хат жолдады.