Медициналық сақтандыру қоры тегін қызмет көрсеткен ұйымдарға 325,2 млрд теңге бөлді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы жыл басынан бері Қазақстандағы медицина ұйымдарына 325,2 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Медициналық сақтандыру қоры тегін қызмет көрсеткен ұйымдарға 325,2 млрд теңге бөлді

Қордың басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекованың айтуынша, 6 маусымға дейін Қормен келісімшарт бекіткен медицина мекемелеріне 325,2 млрд теңге берілген.

«Бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде халыққа медициналық көмек көрсету бойынша бекітілген келісімшарт аясында жүзеге асты. Қаражат шарттың жалпы сомасының 47 пайызына тең», - деді Ботагөз Жақселекова.

Айта кетерлігі, Медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмек және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады. Биыл Қор мен емдеу мекемелері арасында халыққа тегін медициналық көмек көрсету бойынша жалпы сомасы 698,9 млрд теңге болатын келісімшарттар бекітілген.

«Жұмыс кестеге сай, медициналық қызмет сапасын бақылаудың жаңа талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Б.Жақселекова.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі таңда Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша 1359 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 599-ы - жекеменшік клиникалар. 2017 жылмен салыстырғанда жеткізуші компаниялар саны едәуір көбейген. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артып, 93 млрд теңгені құрады.