Медициналық сақтандыру қорына түскен жарна 176 млрд теңгеден асты

НҰР-АСТАНА. ҚазАқпарат - Мамыр айында түскен сақтандыру жарнасының көлемі 9,5 млрд теңгеден асты. Бұл туралы ҚазАқпарат Медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Медициналық сақтандыру қорына түскен жарна 176 млрд теңгеден асты

«2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 мамырына дейінгі аралықта Қорға 176,7 млрд теңге түсті. Аударымдар жүйе іске қосылған алғашқы жарты жылда өзі үшін жарна төлеуге міндеттелген жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға, сондай-ақ жұмыс берушілерге тиесілі. Атап айтқанда, жинақталған қаражаттың 95% немесе 167,9 млрд теңгесін жұмыс берушілер, қалған 5% жуығы немесе 8,8 млрд теңгені - жеке кәсіпкерлер мен келісімшарт негізінде еңбек ететін санат аударған», - делінген баспасөз баянында.

Мәліметке қарағанда, аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетсек, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС пакетінде көрсетілетін медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалмақ.