Медициналық сақтандырудың ақшасы келесі жылға дейін пайдаланылмайды - министр

«Ол ақша есеп-шотта жата береді. Біз оны ешқайда салмаймыз. Себебі инвестициялық қордың жұмысымен айналыспаймыз. Медициналық сақтандыру қорының негізгі мақсаты - ақшаны жинақтау. Келесі жылы қаңтар айынан бастап ол ақша сақтандыруға тұрған азаматтардың шығындарына жұмсалады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов журналистерге берген сұxбатында.
Айта кетейік, ағымдағы жылы шілде айынан бастап жұмыс берушілер медициналық сақтандыру жарналарын төлей бастады. Қор басшысы Елена Бахмутованың айтуынша, шілде айындағы жалпы түсімдердің көлемі 800 млн теңгеден асып жығылады.
«Тамыз айында қорға түсетін түсімдердің көлемі артуы тиіс. Себебі шілде айының төлемдерін аудару мерзімі тамыз айында аяқталады. Сондықтан біз тамызда шамамен 4,5 млрд теңге түседі деп отырмыз. Ағымдағы жылғы базалық аударым 27 млрд теңгені құрамақ», - дейді Бахмутова.