Медициналық сақтандырудың жаңа жүйесіне стоматология қызметтері кірмейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрайымы Елена Бахмутованың айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде стоматологиялық қызметтер қарастырылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медициналық сақтандырудың жаңа жүйесіне стоматология қызметтері кірмейді

«Оның өзіндік себебі бар. Мысалы, мен «Самұрық-Қазынада» істегенде ерікті медициналық сақтандыру шартына отырып, ай сайын жарна төледім. Сонда ол жүйе стоматологиялық қызметтерді көтере алмады. Себебі ондай қызметтердің бағасы тым қымбат. Ал оны әлеуметтік медициналық сақтандыруға енгізетін болсақ, онда ай сайынғы жарна тым көп болып кетеді», - дейді Бахмутова.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың айтуынша, жаңа жүйеде тек шұғыл стоматологиялық қызметтер ғана болады. «Жалпы, медициналық қызметтер бұрынғыдай қалады. Біріншіден, адам өміріне қауіп төнген жағдайда шұғыл медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Екіншіден, сан алуан оталар қорға төленетін жарналардың есебіне төленеді», - дейді Цой.

Айта кетейік, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 2019 жылдан бастап жұмысшылар өз жалақысының 1 пайызын қорға аударады. 2020 жылда аталған көрсеткіш 2 пайызға дейін көтеріледі. Ал жұмыс берушілердің жарнасы 2017 жылдың екінші жартысында төлене бастайды. Бас кезінде ол 1 пайызды құраса, 2022 жылға қарай 3 пайызға дейін көтеріледі.