Медициналық ұйымдар құны 312 млн теңге болатын заң бұзушылықтарға жол берген
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда медициналық қызмет сапасын бақылау мен жақсарту мақсатында ұйымдастырылған тексеру барысында Медициналық сақтандыру қоры 312 млн теңге болатын заң бұзу дерегін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мониторинг кезінде емдеу-диагностикалық шаралар стандартынан ауытқу, қызмет ақысын негізсіз қымбаттату деректері кездескен.
«Оның ішінде ең көп кемшіліктер стационарлық қызмет көрсететін ұйымдарда анықталды. Олар құны 255 млн теңге болатын заң бұзушылықтар жасаған. Кеңес беру-диагностикалық қызмет көрсететіндер 3,7 млн теңгеге заң бұзушылық жасаған»,- деді қордың Алматыдағы бөлімшесіндегілер.
Осылайша Медициналық сақтандыру қоры ел аумағында 2,7 млрд теңгеге бағаланған ақауды әшкереледі. Мониторингті «Медициналық қызметтер сапасын басқару жүйесі» жүргізіп жатыр.
Айта кету керек, жоспарлы тексеруден бөлек жоспардан тыс тексерулер де болып тұрады. Жоспардан тыс тексеруге пациенттер мұрындық бола алады.
Қор жыл басынан бері медициналық ұйымдарға 53,4 млрд теңге аударған. Бұл алматылық емханалармен келісімге келген соманың 56%-ын құрайды.
Алматы медициналық сақтандыру филиалы 170 медициналық ұйыммен жұмыс жасайды. Жыл соңына дейін бұл ұйымдарға тағы 94,3 млрд теңге төленеді деп жоспарланып отыр.