Медициналық зертханалық сараптама бір орталықтан жүргізілетін болады

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Бүгін Астанада №4-ші қалалық емхананың негізінде құрылған Зертханалық технологиялар орталығының тұсаукесері болды.

Медициналық зертханалық сараптама бір орталықтан жүргізілетін болады

Бұл - ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған маңызды жобалардың бірі.

Бір орталықтан басқарылатын зертхананы ашудағы мақсат - орталықтандыру жолымен зертханалық қызметті оңтайландыру мен жетілдіру, Астана қаласы тұрғындарына амбулаторлық-емханалық деңгейде сапалы әрі уақтылы қызмет көрсету.

№4-ші емхана Бас дәрігерінің зертханалық қызмет жөніндегі орынбасары Жанар Сүлейменованың айтуынша, аталмыш жобаны жүзеге асыру медициналық мекемелердегі толық көлемде қолданылмайтын жабдықтарды бір орталыққа шоғырландыру негізінде жүргізілді. Бұл өз кезегінде науқастарды қарау мерзімін айтарлықтай қысқартуға, қолданысы қымбатқа түсетін медициналық жабдықтарды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтып, еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Зертханалық технологиялар орталығының іске қосылуы нәтижесінде жедел түрде және ерекше жағдайларда қажет етілмейтін, сонымен қатар халықтың қолы жете бермейтін күрделі қан сараптамалары аталмыш орталықта жасалатын болады. Зертханаға қалалық емханалардан келіп түскен қан зертханалық ақпараттық жүйе негізінде тіркеуге алынады. Ал жиі тағайындалатын, қорытындысы дәрігерге шұғыл түрде қажет, жалпы клиникалық және жедел жасалатын зерттеулер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелері жанындағы жергілікті зертханаларда жүргізіледі.

Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Дәулетхан Есімовтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда Астана қаласы дансаулық сақтау басқармасының жүйесінде амбулаторлық-емханалық және стационарлық деңгейдегі 29 клиника-диагностикалық зертхана бар. Қалалық емханалардағы лабораториялық құрылғылардың жалпы саны - 465 дана. Медициналық мекемелерде жұмыс істейтін дәрігер-лаборанттардың саны - 101, орта медициналық білімі бар лаборанттардың саны - 174, дегенмен зертхана мамандарының тапшылығы бүгінгі күні 37,3 %-ды құрап отыр.

Дәулетхан Есімовтің пікірінше, орталықтандырылған зертхана құру зертханалық қызмет саласында өзекті болып отырған маман-кадрлар жетіспеушілігі мәселесін шешудің бір жолы болып табылады.

Былтырғы жылы жалпы саны 500 мыңға тарта биохимиялық зерттеулер жасалған болса, жаңа орталық негізінде сараптама көлемі 1 млн-ға дейін ұлғаймақ.