Медицина қызметкерлерінің жалақысы қаншаға өседі: аймақ, еңбек өтілі ескеріле ме

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда келесі жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының учаскелік қызметіндегі 77 мың қызметкерге үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр. 

Медицина қызметкерлерінің жалақысы қаншаға өседі: еңбек өтілі ескеріле ме
Фото: Kazinform/ЖИ

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты жыл сайынғы Жолдауында мәлімдеді.

— Біз медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесін жаңғыртуға да ерекше назар аударып отырмыз. Осыған байланысты жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды. Үкіметке келесі жылғы 1 қаңтардан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын көбейтуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қосымша ақының мөлшері еңбек өтілінің ұзақтығына байланысты белгіленеді. Ол лауазымдық жалақының 50 пайызына дейін жетуі мүмкін.

Қосымша ақының мынадай мөлшерлерін белгілеу ұсынылады:

* 2 жылдан астам үздіксіз еңбек өтілі үшін — лауазымдық жалақының 20%-ы;
* 3 жылдан астам еңбек өтілі үшін — 30%-ы;
* 5 жылдан астам еңбек өтілі үшін — 50%-ы.

Жаңа шара медициналық кадрларды, ең алдымен, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары мен ауылдық медициналық ұйымдарда тұрақтандыруға бағытталған.

— Мемлекет басшысының қолдауымен медициналық алғашқы көмек буынының кадрлық әлеуетін нығайту үшін алғаш рет осындай ауқымды қолдау шаралары қабылданып отыр. Біздің басымдығымыз — емханалар мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияларда халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Бұл жалпы практика дәрігерлері мен учаскелік қызмет мейіргерлерінің біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты, — деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша ақы енгізілгеннен кейін ауылдық жерлердегі ең жоғары еңбек өтілі бар жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы қосымша ақыны ескергенде 760 мың теңгеге, ал қалаларда 607 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Ауылдық жерлерде ең жоғары еңбек өтілі бар жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 284 мың теңгеден 401 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Қалаларда ең жоғары еңбек өтілі бар жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 425 мың теңгеден 607 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 224 мың теңгеден 318 мың теңгеге дейін артуы ықтимал.

Ең аз еңбек өтілі бар мамандардың еңбекақысын арттыру да көзделген. Ауылдық жерлерде жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 386 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 221 мың теңгеден 256 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Қалаларда ең аз еңбек өтілі бар жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 307 мың теңгеден 358 мың теңгеге дейін, ал орта медицина персоналының жалақысы 173 мың теңгеден 202 мың теңгеге дейін көтерілуі ықтимал.

Медициналық алғашқы көмек буынында жұмыс істейтін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге де қосымша қолдау көрсету ұсынылып отыр. Олардың қызметінің ерекшелігін ескере отырып, психоэмоциялық жүктемесі үшін қосымша ақы енгізу мәселесі қарастырылуда.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру жұмыстары 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.
Инфекциялық қызмет пен жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне арналған қосымша қолдау шаралары да іске асырылуда. 2026 жылдың басынан бастап инфекциялық қызметтің шамамен 24 мың маманы мен жедел медициналық жәрдемнің 9 мың қызметкеріне жоғарылатылған төлемдер қарастырылған.

Үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша ақы енгізу тәжірибелі мамандарды қолдауға, емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда жұмыс істеуге ынталандыруға, сондай-ақ медициналық кадрларды, әсіресе ауылдық жерлерде, тұрақтандыруға бағытталған.

Бұл шараларды іске асыру учаскелік қызметті нығайтуға, кадр тапшылығын азайтуға және халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Айта кетелік 1 қаңтардан учаскелік қызмет мамандарының жалақысы 40 пайызға дейін артатыны туралы жазған едік.