Медицина студенттерін қандай өзгерістер күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Биылдан бастап медициналық жоғары оқу орындарында білім беру жүйесі үлкен өзгеріске ұшырайды. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram каналында түсіндіріп өтті. 

Студенты медики Медицина студенттері
Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform

Реформа негізінен 2022 жылдан кейін оқуға түскен студенттерді қамтиды, оған дейінгі студенттер үшін ешқандай өзгеріс жоқ.

Жаңашылдықтар қолданыстағы 6 жылдық жүйенің (бакалавриат + магистратура + 6 айлық интернатура) бірқатар мәселесін шешуге бағытталған. Қолданыстағы жүйеде болашақ дәрігерлердің қызметіне кедергі келтіретін үш негізгі шикілік анықталды. Жұмысқа орналасудың қиындығы, практиканың жеткіліксіздігі, сондай-ақ оқу барысында туындайтын тұйық шеңбер сияқты өзекті себептер өзгеріс енгізудің өзегі болды.

— Осы жарты жылда студенттің медицинада еш мәртебесі болмайды. Олар бүгінде ақпараттық жүйеге ене алмайды, емдеу процесіне қатысуға да құқығы жоқ. Түптеп келгенде, ол өз күнін өзі көруге мәжбүр, — деп мәлімдейді Аймағамбетов.

Мемлекет осы мәселелерді шешу үшін білім беру форматын қайта қарастырып, бірқатар өзгешелік енгізді. Біріншіден, білім беру сапасын арттыру мақсатында заманауи мазмұндағы 7 жылдық оқу форматы енгізіледі. Оқу бағдарламасы бойынша кредит саны айтарлықтай артады.

Екіншіден, 7 жылдық оқуды аяқтаған түлектер жалпы тәжірибелік дәрігер (ЖТД) және алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) деңгейіндегі тағы 5 бағыт бойынша жұмысқа орналаса алады. Тек тар бейінді мамандықты көздеген студенттер ғана резидентурада білімін жалғастырады.

Үшіншіден, анатомия, физиология сияқты базалық пәндер типтік бағдарламаларда қатаң бекітіледі. Студенттер базалық білімді толық меңгергеннен кейін тәуелсіз алаңда міндетті емтихан тапсырады.

Бір қуаныштысы, 6-курс студенттеріне бұрын-соңды болмаған ресми құқықтық мәртебе атауы беріледі.

— Студент алғаш рет ресми «дәрігер-интерн» мәртебесіне ие болады. Дәрігер-интерннің негізгі қызметі медициналық жүйелерге қолжетімділікке, тіпті жалақы алуға және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуге құқық береді, — деп баяндайды депутат.

Реформаның ең озық тұсы — талапкерлердің мүддесі ескерілген. 2022 жылдан бастап медициналық оқуға түскендер екі таңдау жасауға құқылы. Бірі 6 жылдық бағдарламамен оқуды аяқтап, бірден резидентураға түссе, екіншісі жаңа 7 жылдық бағдарламаға ауысып, оқу бітірген бойда жұмысқа орналаса алады.

— Шешімді студенттердің өздері қабылдауы керек, — деу арқылы Асхат Аймағамбетов іргелі ғылымдағы оқудың дамушы күші ретінде оқушылардың ерік-қалауын алға тартады.

Реформа медициналық білімнің қолжетімділігін, практикалық тиімділігін арттыруға бағытталған. Ол медицина «қазанында қайнап жатқан» жастарды шынайы дәрігерлік тәжірибеге бағыттап, диплом алған сәттен-ақ студенттердің дайын маман болып шығуына жағдай жасамақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын медициналық білім беру саласындағы жаңашылдықтардың Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқанын хабарлаған едік.

Күшіне енген реформа интернатураның формалды кезеңін шынайы клиникалық практикаға айналдырып, жас мамандардың резидентурасыз-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде тезірек жұмыс бастауына мүмкіндік береді.

Аяулым Қанатқызы