Медициналық AI өнімдерін тіркеу тәртібін жеңілдету ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда медициналық жасанды интеллект өнімдерін тіркеу және нарыққа шығару тәртібін жеңілдету ұсынылды. Қазір мұндай технологияларды қолданысқа енгізу 6 айдан 2 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл мәселе Астанада Qaz.AI қауымдастығы ұйымдастырған дөңгелек үстелде талқыланды.
Жасанды интеллект медицина саласында ауруларды анықтау, медициналық деректерді талдау және дәрігерлердің жұмысын жеңілдету үшін қолданылып келеді. Алайда жаңа технологияны әзірлеу оның тәжірибеге тез енгізілуіне кепіл емес. Өнімді тіркеу, клиникалық тиімділігін дәлелдеу және қажетті деректерге қол жеткізу әзірлеушілер үшін әлі де күрделі мәселелердің бірі.
Qaz.AI өкілінің айтуынша, жасанды интеллект қарқынды дамып жатқанымен, оны реттейтін заңдар мен талаптар технологияның даму жылдамдығына ілесе бермейді. Кейбір ережелер ескіргендіктен, стартаптар жаңа өнімдерін қолданысқа енгізу кезінде кедергілерге тап болады.
- Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, қазірден бастап назар аударуды қажет ететін маңызды мәселелерді көтеруді ұсынамыз. Заңнамаға өзгерістер енгізу 2027 жылға жоспарланғанымен, дайындық жұмысын бүгіннен бастау керек. Әзірге айқын көрінбеген мәселелердің алдын алып, өзгерістерге алдын ала дайындалуымыз қажет, – деді Qaz.AI Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығының төрағасы Темірлан Зиятов.
Дөңгелек үстелде медициналық AI өнімдерін тіркеу рәсімін оңтайландыру, технологияларды сынақтан өткізу және медициналық деректерге қолжетімділікті қамтамасыз ету жолдары талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар бірлескен ұсыныстар әзірлеп, оларды Президент Әкімшілігіне, Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға жолдауды жоспарлап отыр.
Бұған дейін жасанды интеллектіге негізделген отандық стартап Токиодағы форумда таныстырылатыны туралы жазған едік.