Медициналық сақтандыру қоры міндеттемесін орындай ала ма

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржылық моделінде бірқатар кемшілік анықталды. Бұл туралы Мәжілісте МӘМС жүйесін одан әрі жетілдіру тақырыбына арналған Үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов мәлім етті.

МӘМС
Фото: uralskweek.kz

- Қордың болжамды түсімдері мен шығыстарына сәйкес, 2026 жылға қарай жыл сайынғы шығыстары түсімдерден асып түсіп, Қор 2031 жылдан бастап міндеттемелерін орындай алмайды деп есептеліп отыр. Өз кезегінде жүргізілген аудиттің нәтижесі Қордың жасаған қаржылық моделінде бірқатар кемшілік бар екендігін көрсетті. Атап айтсақ, Қор регламентіне қайшы келетін қаржылық моделінің түсімдерін қалыптастыру кезінде демографиялық болжамның орнына халықтың орташа өсімі қолданылғаны анықталды, сондай-ақ инвестициялық табысты есептеу кезінде қаржы құралдары бойынша сыйақының орташа мөлшері 13,5%-дың орнына 11%-ға дейін төмендетіліп есептелген. Шығыстардың болжамына келетін болсақ, Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысы жоқ, Тегін кепілдендірілген медициналық көмек есебінен қаржыландырылатын шығыстарды қарастыратын көрсеткіштерді, нақты орындалған шығыстардың орнына жоспарлы мәндерді, сондай-ақ медициналық қызметтерге арналған шығыстарды қаржыландыруға пайдаланылмайтын резервтерді қарастыруға қатысты кемшіліктер анықталды. Осылайша, аудит 2022-2023 жылдарға арналған қаржы моделінің кіріс және шығыс бөлігі жалпы көлемі 351 млрд теңгеге дұрыс қалыптастырылмағанын анықтады, - деді Н. Нұржанов.

Оның айтуынша, жүргізілетін актуарлық есептеулердің объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында, Қорда Медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығына тәуелсіз актуарлық бағалау жүргізу көзделмеген.

- Өз кезегінде Қаржылық модельдің нәтижелері Медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге негіз болатындығын айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар аудит Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық сақтандыру жүйесі үшін актуарлық есепті қалыптастыруды реттейтін нормативтік құжатты әзірлеу әрі бекіту бойынша құзыреті қарастырылмағанын көрсетті. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата тарапынан Үкіметке тиісті ұсыныс берілді, - деді аудиторлық патата мүшесі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылы Жоғары аудиторлық палата Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және оның өңірлік филиалдары қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

 

Соңғы жаңалықтар