Медициналық техниканы отандық өнім ретінде сатқан күдікті елге қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Грузиядан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған және жалған медициналық бұйымдарды өткізген күдікті экстрадицияланды.
Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен аталған елден аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны, сондай-ақ жалған медициналық бұйымдарды ірі мөлшерде өндіргені және өткізгені үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Тергеу барысында күдіктінің мемлекеттік медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтарды сатып алу жөніндегі тендерлерінде басымдылыққа ие болу мақсатында отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.
— Атап айтқанда, ол нақты өндірісті ұйымдастырмай, медициналық техниканың Қазақстанда өндірілетіні туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға жалған мәліметтер ұсынған.
Нәтижесінде шетелдік жинақтаушы бөлшектерден құрастырылған медициналық техника мемлекеттік медициналық ұйымдарға отандық өнім ретінде өткізіліп, мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірілген, — делінген хабарламада.
Қылмыстарды жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.
Ағымдағы жылдың наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды, олардың 5-і жымқыру үшін іздеуде болған.
Айта кетелік Ресейден Қазақстанға есірткі зертханаларын ұйымдастырған күдікті экстрадицияланған еді.