Медициналық туризмді дамыту жоспары әзірленді
АСТАНА. KAZINFORM –Медициналық туризмді дамытудың 2026-2029 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспары әзірленді. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жауабында айтылған.
- Санаторий-курорттық және туристік қызмет бойынша мәселелер заңнамалық деңгейде ажыратылған. Қазіргі уақытта санаторий-курорттық қызмет пен медициналық туризмді кешенді дамыту мақсатында Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасында медициналық туризмді дамытудың 2026–2029 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспарын әзірледі,- деді вице-премьер.
Оның айтуынша, ведомствоаралық жоспарды іске асыру қатысушылардың қызметін үйлестіруге, шетелдік пациенттерге арналған қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ елде медициналық туризмді кешенді дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік беретін кешенді тәсілді көздейді. Атап айтқанда, ведомствоаралық жоспарда мынадай іс-шаралар көзделген:
- медициналық ұйымдардың және (немесе) санаторий-курорттық ұйымдардың медициналық туризм аясында көрсететін қызметтерін есепке алу тәртібін әзірлеу;
- медициналық туристерді ұйымдастырушылық, ақпараттық және өзге де алып жүру үшін медициналық ұйымдардың, ұлттық және ғылыми орталықтардың, ғылыми-зерттеу институттарының және (немесе) санаторий-курорттық ұйымдардың құрылымында медициналық туризм қызметтерін ұйымдастыру.
-Сонымен қатар ведомствоаралық жоспардың медициналық туризмді ілгерілетуге, пакеттік ұсыныстар қалыптастыруға, цифрлық платформаны дамытуға және шетелдік пациенттер үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жекелеген іс-шаралары санаторий-курорттық ұйымдардың медициналық туризм саласына қатысуын кеңейтуге ықпал етуі мүмкін. Қазіргі уақытта ведомствоаралық жоспар мемлекеттік органдарда келісу кезеңдерінен өтіп жатыр, - деді Серік Жұманғарин.
Бұған дейін шетелдік пациенттерге арналған «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету жүйесі құрылатынын жазған едік.