Медициналық ұйым басшылары менеджмент сапасын арттыруға баса көңіл бөлуі тиіс
Медициналық ұйымдардың бірінші басшылары менеджмент сапасын арттыруға баса көңіл бөлуі тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кейінгі жылдары медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарып келеді. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін аурулардың тізбесі едәуір кеңейді. Оңалту қызметтері де қолжетімді бола түсті. Амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру көлемі өсіп жатыр. Сонымен қатар жаңадан денсаулық сақтау объектілері іске қосылып жатыр. Бұл, әсіресе, білікті медициналық көмекке мұқтаж ауыл тұрғындары үшін аса өзекті. Дегенмен проблема бәрібір қалып отыр. Мәселен, халық белгілі бір сала маманына кезектің үлкендігіне, медициналық жабдықтар санының жеткіліксіздігіне шағымданады», - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы түрлі аурумен есепте тұрған тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде де мәселе бар екенін атап өтті.
«Сондықтан өңір әкімдері медициналық санитариялық-алғашқы көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге барынша жауапкершілікпен қарауы тиіс. Оның ішінде «Ауыл денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыруға да. Медициналық көмек адамдардың тұрғылықты жеріне барынша жақын болуы қажет», - деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов медициналық ұйымдардың бірінші басшылары менеджмент сапасын арттыруға баса көңіл бөлуі тиіс екеніне баса назар аудартты.
«Кейде басқару мен үйлестіру жұмыстарының кемшілігіне байланысты адамдар қажетті емді немесе дәрі-дәрмекті уақытында ала алмай қалады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы мәселелер бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруы қажет», - деді Үкімет басшысы.