Медициналық ұйымдар құрылысына отандық өнімдерді қолдану керек – Олжас Бектенов

жер сілкінісі
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде денсаулық сақтау ұйымдарын салу мен оларды жабдықтауда қазақстандық өнімдерді қолдану қажет. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті.

«Медициналық ұйымдарды жиһазбен және құрылыс материалдарымен қамтуда өз өндірушілерімізді қолдап, отандық өнімді қолдану қажет. «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдары отандық тауарлар мен қызметтерді кеңінен сатып алып, өзіміздің қазақстандық тауар өндірушілерге, оның ішінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуі тиіс. Қор басшылығының назарын, бірінші кезекте осыған аударғым келеді. Өткен аптада жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Салтанат Әбдікәрімова «Самұрық-Қазына» қорының тауар сатып алу саясатын сынға алып, конкурс өткізуде шикіліктің барын айтып, шағымданды. Осы орайда мен кәсіпкерлердің жағындамын», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Үкімет басшысының айтуынша, денсаулық сақтау ұйымдарын салу мен жабдықтауда жағдайды түбегейлі өзгертіп, отандық өндірушілерді қолдау жүйесін жетілдіру керек. 

«Бұл мәселенің ауылдық жерлердегі медицина объектілерін салу мен қамтамасыз етуге де қатысы бар. Ұлттық жобаны жүзеге асыру сапасын жақсарту үшін жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жобаны үйлестіру және мониторингтеу міндеті «Turar Healthcare» ұлттық операторына жүктелген. Алайда, көріп отырғанымыздай, оның орындалу сапасы нашар», - дейді ол. 

Одан бөлек, Премьер-Министр объектілерді салуда құрылыс жұмыстарын барысына бақылаудың жоқтығын айтты. 

«Әрбір объектінің құрылысын құжаттарды дайындау, қаржыландыру кезеңінен бастап, уақтылы тапсырғанға дейін күнделікті бақылауға алу қажет. Сондай-ақ, жаңа айтып өткенімдей, медициналық жабдықтармен және кадрмен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар