Медқызметкерлер бір-біріне қонаққа барған, жиналып шай ішкен: Алматыда екі жатақхана жабылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда азаматтық авиация институтының жатақханасы карантинге жабылды. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медқызметкерлер бір-біріне қонаққа барған, жиналып шай ішкен: Алматыда екі жатақхана жабылды

«Алматыда өткен аптаның сәрсенбісінде азаматтық авиация институтының жатақханасы карантинге жабылды. Тұрғындардың барлығы басқа жатақханаларға және қонақ үйлерге жіберілді. Ғимаратта дезинфекциялық шаралар жүргізілді», - деді ол.

Бас санитар дәрігер медициналық қызметкерлердің жатақханасына қатысты да айтып өтті.

«Алматыда 4 112 медициналық қызметкер блокпост сыртында тұратындықтан оларды орналастыруға 20 жатақхана мен 20 қонақ үй ұйымдастырылған болатын. Провизорлық орталықтар, карантин стационарларында, инфекциялық стационарда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер қонақ үйге жіберілді», - деді Ж.Бекшин.

Оның айтуынша, Алматыда медициналық қызметкерлер тұратын екі жатақхана да жабылған.

«Медициналық қызметкерлер санитарлық нормаларды сақтамағандықтан жатақханалар жабылды. Олар оқшаулау тәртібін ұстанбай, кешке жиналып, шай ішіп, бір-бірінің бөлмесіне қонаққа барған. Мекеме басшыларына олармен профилактикалық әңгіме жүргізу туралы ұсыныс берілді», - деді ол.