Медресенің ең үздік студенттері Нұр Мүбарак Мысыр Ислам мәдениеті университетінің гранттарына ие болды
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Нұр Мүбарак Мысыр Ислам мәдениеті университеті және "Ислам мәдениеті мен білімін қолдау" қоры екі жақтың Жарғысы аясында келісімшартқа отырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол бойынша «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау» қоры еліміздегі жоғары білімді имамдар мен исламтанушы ғалымдар даярлайтын жалғыз оқу орнында тегін білім алу үшін медресенің ең озат студенттеріне 15 оқу грантын ұсынды.
Алғашқы грант иегері Астана Нұр Мүбарак медресесін қызыл дипломмен тәмамдаған Нұрлан Бақытжанұлының айтуынша, бұл білсем, оқысам деген балалар үшін, әсіресе оқуға материалдық жағдайы жоқ жастар үшін зор көмек.
"Оқу бітіргеннен кейін, университеттің түлектері мұсылман қауымының береке-бірлігін дамытуға, ислам дінінің дұрыс бағытта өркендеуіне үлес қосатынына сенемін", деді "Ислам мәдениеті мен білімін қолдау" қорының атқарушы директоры Балғабек Мырзаев.
Қол қою рәсімінде Балғабек Мырзаев қордың бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті. "Қазіргі уақытта қор еліміздің мұсылмандық ұйымдары үшін ислам дінінің негіздерін үйрететін әдебиеттерді шығарып, қарапайым халықтың арасында тегін таратып, аймақтарға жіберіліп, имамдарға тегін берілуде. Мұндағы мақсат - жастарымыздың басқа діни ағымдарға кетіп қалмауына ықпал ету. Өйткені, халықтың діни сауаттылығының төмендігінен, діни кітаптардың аздығынан қазіргі уақытта басқа дінге кету жағдайлары орын алуда. Қазір ондай жағдайлардың азайғандығымен, біз бұл жұмысты жалғастыруымыз қажет. Сол себепті, біз биылғы жылдан бастап өңірлерге арнайы үгіт-насихат топтарын құрып, жіберуді жоспарлап жатырмыз", деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, сонымен қатар, қажетті, маңызды деп табылған діни кітаптар шығарылуда. "Қазір тапсырыс бойынша белгілі исламтанушы ғалым Қайрат Жолдыбайұлының "Дін мен діл" атты кітабын 25 000 данамен басып шығарып, еліміздің түкпір-түкпіріне тарататын боламыз. Сонымен қатар, биылғы жылы 200 мыңға жуық діни әдеби кітаптарды шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұнымен қатар, дін туралы деректі фильмдерді түсіруді және "Имам" журналын шығаруды қолға алғалы отырмыз. Сондай-ақ, ең жақсы оқыған студенттерді ислам діні жақсы дамыған, басқа ағымдарға жол бермейтін Сауд Арабиясында, Түрік және Мысыр елдерінде оқытуға жіберетін боламыз", деді ол. Оның айтуынша, 11 адамнан тұратын қордың негізгі мақсаты -ислам мәдениеті, ғылымы мен білімінің дұрыс бағытта дамуына көмектесу.
Ол сондай-ақ, келесі жылы ТМД елдерінің бас мүфтилерін, ислам лигасымен бірге, елге шақыратындығын хабарлады.