Медсақтандыру қоры Қаржы министрлігінің бақылауында болуы керек — Барышев

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігі мен Парламент депутаттардың бақылауында болуы керек. Бұл туралы бүгін Astana Open Dialogue сараптамалық платформасының екінші отырысында Республика партиясының тең төрағасы Максим Барышев айтты.

Республика партиясының тең төрағасы
Фото: instagram.com/baryshev_maxim

— Салық жайында, Салық кодексі жайында айтқанымызбен біздегі бюджет шығындарында ашықтық жоқ. Мәселен, Медициналық сақтандыру қоры (Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры) бар. Қордың бүкіл Қазақстанға қажеттілігі шамамен 3 трлн теңгені құрайды. Мәлімет үшін, Қазақстан Республикасының әр азаматына 1 жылға шамамен 150 мың теңгеден келеді. Сіздердің араларыңызда ауруханаға тегін медициналық көмекке жүгінетін адамдардың өте аз екендігіне сенімдімін. Бірақ, сіздердің әрқайсыңызға қомақты қаражат бөлінген, — деді ол.

Осы орайда Максим Барышев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ашықтығын қамтамасыз ету үшін оны Қаржы министрлігінің және Парламент депутаттарының бақылауында болуы керектігін, ай сайын бюджетіне байланысты есеп беруді міндеттеу қажеттігін айтады. Сонда бюджет тапшылығын жабуға қажетті қаражаттың аздаған болса да бөлігін табуға болады.

— Медициналық сақтандыру қоры қосымша трлн теңге бөлуді сұраған кезде сол қаражат депозитте жатқан. Бұл да қисынсыз дүние. Ақша депозитте жатқан кезде экономикаға жұмыс істемейді, — деді Республика партиясының тең төрағасы.

Бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа Салық кодексінің ескісінен қандай ерекшелігі бар екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар