Медсақтандыру қоры ең жабық квазимемлекеттік құрылымға айналды – Рахым Ошақбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік-экономикалық реформалар мониторингін талдау орталығының мүшесі Рахым Ошақбаев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жабықтығын сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медсақтандыру қоры ең жабық квазимемлекеттік құрылымға айналды – Рахым Ошақбаев

«Қазір әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бүкіл квазимемлекеттік құрылымдардың ішіндегі ең жабық құрылым болып отыр. Біз қорға түскен ақшаның көлемін де, динамикасын да, шығындар көлемін де, тариф саясатын да білмейміз. Веб-сайтына қарасаңыз, жыл сайынғы құрғақ есеп қана бар. Сырттан салмақты бақылау жоқ. Қоғамдық тыңдаулар немесе шығындардың ашықтығы туралы парламенттік тыңдаулар соңғы рет қашан болғанын есіңізге түсіріп көріңіз. Біз бүгінде денсаулық сақтауға жұмсайтын мемлекеттік шығыстар мен қосымша төлемдердің бәрін осы қорға шоғырландырып қойдық», - деді Рахым Ошақбаев Денсаулық сақтау басшыларының II республикалық форумында сөйлеген сөзінде.

Сарапшы денсаулық сақтау жүйесіне шығындар өсіп жатқанымен, оның тиімділігі жоқ екенін айтты. Рахым Ошақбаевтың пайымынша, бұл квазимемлекеттік құрылымдар министрліктер үшін ыңғайлы.

«Мысалы, зейнетақы жүйесінің сапасын қалай жақсартуға болатыны туралы кез келген пікірталасқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, вице-министрі емес, зейнетақы қоры төрағасының орынбасары баяндама жасайтын әдет қалыптасқан. Денсаулық сақтау министрлігі де дәл осындай оңай жолмен кетіп барады. «Ақша сендерде, жалақы сендерде, халықаралық сараптама сендерде, тиісінше есепті де сендер беріңдер» деген ұстаным. Жалпы, квазимемлекеттік құрылымдар бастарын жиналыстан шығаруы керек. Біз осы елдің азаматы ретінде министрліктен нақты функцияларды квазимемлекеттік секторға сілтей бермей, өздері орындағанын қалаймыз», - деді сарапшы.