Медуниверситеттердегі студенттердің білімін тәуелсіз сараптама анықтайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы медициналық университеттердің студенттері бұдан былай «Сыртқы сараптамадан» өтетін болды. Осы сыннан өтуі-өтпеуіне байланысты студенттердің оқу орнындағы тағдыры шешілмек. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медуниверситеттердегі студенттердің білімін тәуелсіз сараптама анықтайды

«Қазіргі күні біздің денсаулық сақтау саласындағы ең күрделі мәселелердің бірі - медициналық қызметтердің сапасы. Жақында ғана Елбасы Үкімет басшысына осыған байланысты тапсырма берген болатын. Осыған арнайы Үкімет тарапы, Денсаулық сақтау министрлігі қажетті жұмысты атқарып, бірнеше шараларды ұсынып жатырмыз. Жақында ғана Үкімет отырысында біз алғашқы медициналық көмектің деңгейінде амбулаториялық ұйымдардағы халыққа берілген медициналық қызметтердің сапасын көтеру және қолжетімді ету туралы шараларды енгіздік», - дейді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бірінші мәселе - дәрігерлердің және мейірбикелердің білімі мен тәжірибесі.

«Қазіргі таңда біріншіден медициналық білім беру ұйымдарындағы стандарттар өзгертіліп жатыр. Өткен жылдан бастап халықаралық әріптестерді шақырып, олармен қарым-қатынасты жолға қойдық. Бүгінгі таңда бүкіл медициналық білім беру ұйымдарында, университеттерде жаңа бағдарламаға көштік. Өткен жылы курстан курсқа өтетін JPI деңгейін көтердік. Сонымен қазіргі таңда студенттердің жауапкершілігі арттырып, білім беру сапасын арттыру үшін осындай қадам жасалды», - дейді министр.

Елжан Біртанов сонымен қатар, осы жылдан бастап «Сыртқы сараптама» жүйесі енгізілгенін атап өтті.

«Осыған дейін медициналық университеттерде студентердің білімін сол оқу орнындағы мұғалімдер бағалайтын. Қазіргі таңда пилот түрінде «Сыртқы сараптама» жүйесін өткізіп жатырмыз. Ол үшін арнайы министрліктің деңгейінде орталық құрылған. Біз қазіргі Мәжіліске енгізген заң жобасының тарабында осындай жаңа бағыт ашылады. Жылдан жылға міндетті түрде бүкіл студенттер тек университеттерде ғана емес, медициналық колледждерде және резиденттер интернатурада оқыған дәрігерлер жалпы дәрігерлік біліммен қатар, Сыртқы тәуелсіз сараптамадан өтеді. Осы сараптаманың қорытындысына қарай студенттердің ары қарай оқуды жалғастыра ма, жоқ па шешім қабылдаймыз», - деп түйді Елжан Біртанов.


фото:news.kaznmu.kz