Медведев Думаға сайлау күнін белгіледі
АСТАНА. 30 тамыз. ҚазАқпарат - Ресей Президенті Дмитрий Медведев Мемлекеттік Думаға сайлауды 4 желтоқсанда өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы ол саяси партиялар жетекшілерімен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлады Утро.ру агенттігі.
«Жарлық мынадай -2011 жылғы 4 желтоқсанда жаңа шақырылымдағы Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысының Мемлекеттік думасы депутаттарын сайлау тағайындалсын. Ол ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді», - деді Медведев.
Бұған дейін Медведев Сочиде саясаткерлермен парламенттік сайлауға әзірлік мәселесін талқылайтынын жеткізген болатын. Ол сондай-ақ сол кезде оны өткізу жөніндегі президенттік жарлық та дайын болатынын атап өткен еді. Жарлық жарияланғаннан кейін партиялар сайлауалды науқанын бастай беретін болады.
Депутаттық мандат үшін Мемлекеттік думаның қазіргі құрамындағы "Единая Россия", КПРФ, ЛДПР, "Справедливая Россия", сондай-ақ парламенттік емес "Правое дело", "Яблоко" және "Патриоты России" партиялары таласқа түседі. Сайлауға қатысу үшін олар 150 мың сайлаушының қолдауына ие болулары тиіс.