11:31, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Медведев төрт губернаторды отставкаға жіберді
МӘСКЕУ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат - Ресей Президенті Дмитрий Медведев дүйсенбі күні үш өңірдің - Псков, Орлов, Воронеж облыстары мен Ненец автономиялық округі губернаторларының отставкаларын қабылдады,
сондай-ақ министр Алексей Гордеевті губернаторлыққа ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап. Орлов облысының басшылығынан кеткен Егор Строев Ресейдегі ең «байырғы» үш губернатордың бірі-тін. Ол аймақ әкімшілігін 1993 жылдан бері басқарып келді (1997 және 2001 жылдары жаңа мерзімге сайланды, 2005 жылдың сәуірінде жаңа мерзімге өкілеттік алды). Строевтың орнына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Александр Козлов ұсынылып отыр. Ал 1999 жылдан бері Ауыл шаруашылығы министрі болып келген Алексей Гордеевтің кандидатурасы Воронеж облысының губернаторлығына ұсынылды. Воронеж облысын бұған дейін Владимир Кулаков басқарып келген. Медведев сондай-ақ, Псков облысының губернаторы Михаил Кузнецовтың отставкаға өтінішін қабылдап, губернатордың міндетін уақытша атқаруды Андрей Турчакқа тапсырды. Турчактың кандидатурасы оған губернаторлық өкілеттік беру үшін жергілікті парламенттің қарауына енгізілді. Президент Архангельск облысының вице-губернаторы Игорь Федоровтың кандидатурасын Ненец автономиялық округінің губернаторлығына ұсынды. Бұған дейін губернатор болған Валерий Потапенконың мерзімі 2010 жылы аяқталуы керек болатын.