MEGA Center Kz сауда үйінің төбесіндегі әйнектің құлауына қатысты ресми түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - MEGA Center Kz коммуникациялар департаментінің директоры Дарья Бублик Астанада MEGA СОО-да орын алған жағдай жайлы түсінік берді.

MEGA Center Kz сауда үйінің төбесіндегі әйнектің құлауына қатысты ресми түсінік берді

«Жуырда күмбездің баннерлері ауыстырылған. Жөндеушілер шыны пакеттердің бірін кездейсоқ қозғап жіберген болуы мүмкін. Қазір күмбезді мамандар тексеріп жатыр. Басшылық монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында қосымша бақылау енгізу шешімін қабылдады. Мамандар күмбезге тұрақты бақылау жүргізетінін айта кетейік», - деп хабарлады Д.Бублик. Сондай-ақ оқиға барысында үш адамның зардап шеккені хабарланды. «Бір адам ауруханаға барудан бас тартты. Екі адам әкімшілік өкілінің жеке қадағалауымен ауруханаға жеткізді. Жарақаттары ауыр емес, денелері аздап сырылған», - деді MEGA коммуникациялар департаментінің директоры. Ал осыған дейін Астана қаласы ТЖ департаментінің баспасөз қызметінде MEGA-да орын алған оқиға төтенше жағдайға жатпайтынын мәлімдеген еді. ТЖД оқиғаның мән-жайын кейінірек хабарлайтынын айтты. Оқиға орнына 103 қызметінің қызметкерлері шақыртылған еді. Қалалық жедел медициналық көмек стансасынан хабарлағандай, зардап шеккендер туралы ақпаратты олар елордалық денсаулық сақтау басқармасының келісімімен ғана таратуға құқылы екен. Еске салсақ, кеше MEGA орталығы төбесіндегі әйнек-күмбездің бір бөлігі құлады. Оқиға жайлы алғашқы ақпарат әлеуметтік желі пайдаланушылары таратты. «Мегада төбеден әйнек құлады...сондай қатты дыбыс шықты... әйелге көмек көрсетіліп жатыр... қатты шошынған қыз бала жылап жатыр», - деп жазды Фейсбук әлеуметтік желісінде оқиға куәгері болған Лаура Байтұрсынова. Ол сондай-ақ оқиғаның суретін жариялаған.