Мегаполистерде алдағы үш күнде ауа райы қандай болады
АСТАНА.KAZINFORM - Қазгидромет алдағы демалыс күндері Қазақстанның үш қаласында ауа райы құбылмалы болатынын мәлім етті.
Синоптиктердің болжамына сүйенсек, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында найзағай ойнап, жаңбыр және бұршақ жауады.
Астанада алдағы үш күнде жауын-шашын жауады. Жексенбі күні ауа температурасының айтарлықтай төмендейтіні болжанып отыр.
8 мамыр күні күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ жауады. Желдің екпіні 15-18 м/с жетеді. Ауа температурасы күндіз +23+25°C болады. 9 мамырда ауа райы құбылмалы болады. Күндіз ауа температурасы +21+23°C. Ал 10 мамыр күні күн күрт суытады. Температура күндіз небәрі +10+12°C болады. Желдің жылдамдығы 20 м/с дейін күшейеді.
Алматыда жұма күні аптап ыстық болғанымен, демалыс күндері жауын басталады. 8 мамырда жауын-шашынсыз, өте ыстық ауа райы сақталады. Күндіз термометр бағаны +31+33°C көрсетеді. 9 мамыр күні күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Температура +28+30°C дейін жетеді. Ал 10 мамырда жаңбыр жауады. Ауа температурасы күндіз +20+22°C дейін төмендейді.
Шымкентте демалыстың алғашқы күні аптап ыстық болады. Бірақ жексенбіде күн салқындайды. 8 мамыр күні ашық ауа райы сақталады. Күндіз +33+35°C ыстық болады. Ал 9 мамырда күндіз өткінші жаңбыр жауып, желдің екпіні 20 м/с жетеді. Температура +28+30°C болады. 10 мамыр күні жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Күндіз күн салқындап, ауа температурасы +20+22°C жетеді.
Синоптиктердің болжамынша, Қарағанды облысында мамыр айы әдеттегіден жылы, алайды құбылмалы болады. Алдағы апталарда температура күрт ауытқып, найзағай ойнап, екпінді жел соғып, кей күндері түнде үсік жүруі мүмкін.