Мегажұлдыз Қазақстанға келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік операның мегажұлдызы Анна Нетребко Астана күніне орай, 5 шілдеде тұңғыш рет «Астана Опера» театрының Негізгі залында концерт береді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
Анна Нетребко - бүгінгі күні сұранысы ең жоғары әншілердің бірі. Әлемдегі жетекші опера театрларының барлығы өз сахнасында оның өнер көрсеткенін өздеріне құрмет деп санайды. Анна Нетребко - Ресейдің Халық әртісі, РФ Мемлекеттік сыйлығының иегері, Кубань Еңбек Ері. Опера әншісі Краснодарда дүниеге келген, Санкт-Петерборлық консерваторияны вокал класы бойынша тәмамдаған. Белгілі дирижерлар: Валерий Гергиев, Джеймс Ливайн, Сейджи Озава, Николаус Арнонкур, Зубин Мета, Колин Дэвис, Клаудио Аббадомен өнер көрсеткен. Кеште Дж.Верди, Дж.Пуччини, У.Джордано, А.Бойто, А.Каталани және басқаларының операларынан ариялар шырқалады. Аталған бағдарламаны Анна Нетребко швейцариялық Люцерндегі Мәдениет және конгрестер орталығында, Елисей алаңындағы париждік Театрда және барселондық Каталон музыкасының сарайында да паш етпекші. Концерт Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі, Мариинский театрының солисті Ахмет Ағадидің, сонымен қатар «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хорының қатысуымен өтеді. Дирижерлық тізгінде - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Концерт 19:00 басталады, билет бағасы 5 000 теңгеден жоғары.