Мехикода қала ішінде жеке көлікпен жүруге тыйым салынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мексика астанасы Мехико қаласында ауаның ластануы шекті деңгейге жетті. Жағдайды ретке келтіру үшін қала басшылығы азаматтардың жекеменшік көлігімен шаһар аумағында жүруіне уақытша тыйым салған. Тұрғындардың дені енді қажет жеріне қоғамдық көлік немесе велосипедпен барады.
Олардың ішінде жаңа тәртіпке көндіге алмай жүргендері де аз емес. Қала ішінде жеке көлікпен жүруге тыйым салынды. Ауа ластанған соң осындай ереже қабылданды. Мамандардың бұлай дабыл қағуында себеп те жоқ емес. Ауа құрамындағы улы зат шекті деңгейден екі есеге асып кеткен. Салдарынан 2 миллион көлік қаңтарылып тұр. Енді апта ішінде жүргізушілер өзіне белгіленген күні көлігін тізгіндей алады.
Өз көлігін мініп, діттеген жеріне жете алмаған тұрғындар жаппай қоғамдық көліктер мен жалға берілетін велосипедтерге отыра бастады. Дегенмен, ондағы жағдай мәз емес. Такси қызметі екі есеге қымбаттаған. Автобустардың бірінде ине шаншар орын болмай толып келсе, енді бірі уақытынан кешігеді.
Ауаға бөлінетін зиянды заттарды азайту мақсатында енгізілген ереже өндіріс орындарын да айналып өтпеді. Заң бойынша енді бұл мекемелер ауаға бөлінетін зиянды қалдық көлемін 30-40 пайзға дейін қысқартуға міндетті, деп жазады 24.kz.