Мексика базарында қуатты жарылыс болды: 27 адам ажал құшты
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 желтоқсан күні Мексикада отшашулар сатылатын базарда ірі жарылыс болды, кем дегенде 27 адам қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
La Jornada газетінің электронды нұсқасы азаматтық қорғаныс күштеріне сілтеме жасап хабарлауынша, оқиға көптеген пиротехникалық шеберханалар орналасқан Мехико штаты Тультепек муниципалитетінде орын алды.
Федералды полиция қызметі бұған дейін оқиға орнында кем дегенде 9 адам мерт болып, 70-і зардап шеккендігі туралы айтқан еді.
Мексика президенті Энрике Пенья Ньето марқұмдардың отбасыларына көңіл айтып, жарақаттанған адамдарға тезірек сауығып кетуді тіледі. Сондай-ақ федералды үкімет жарылыс барысында зардап шеккендерге көмек көрсететінін айтты.
Оқиғаның орын алу себептері әзірге белгісіз. Жарылыс орнында ондаған дәрігер, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жұмыс істеуде.
Тультепек Мехико штатындағы пиротехника шығаратын басты орталық болып саналады. Ағымдағы жылдың қазан айында осы аудандағы шеберханалардың бірінде болған жарылыс салдарынан бір адам ажал құшып, тағы екеуі зардап шеккен болатын. Сәуір мен наурыз айларында болған осындай оқиғалардан кейін кем дегенде бес адам көз жұмып, тағы бірнешеуі, соның ішінде балалар жарақаттанған еді.